ОҚО әкімі Шымкенттегі өнер ұжымына музыкалық аспап пен автокөліктің кілтін табыс етті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстанда аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев  мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыстық опера және балет театрына барып, өнер ордасына музыкалық аспап пен газель автокөлігінің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Мерекелік сыйға театр ұжымы мен облыстық мәдениет басқармасының басшылығы ризашылықтарын білдірді.оңт

«Бұл өте бір керемет көмек деп ойлаймын. Өйткені әрбір мәдениет ұйымына автокөлік болса да, музыкалық аспап болса да, костюм болса да, ол керек. Олар уақыты келе тозады, сондықтан осылай материалдық базасын нығайту үшін осы облыс әкімінің тарапынан өте жақсы көмек көрсетілді»,-деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов.

Айта кетейік, облыстық опера және балет театрын 2008 жылы Елбасының өзі арнайы келіп ашқан. Ол еліміздегі санаулы үш театрдың бірі саналады. Сондықтан, өнер ордасына мемлекеттен қолдау жоғары. Классикалық өнер туындыларымен облыс тұрғындарының рухани жан дүниесін байытып жүрген ұжымының  материалдық техникасын нығайтуға биыл қазынадан 27 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.

Ал, жалпы облыстық мәдениет ұйымдарын қолдау мақсатында  507 млн теңге қарастырылған. Мұның барлығы  халықтың мәдениетін арттырып, өсер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде маңызы орасан шаралар болып табылады.