ОҚО әкімі шымкенттік әрбір тұрғынды ағаш егуге шақырды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласындағы 17 шағынауданында орналасқан гүлзардың қайта құру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Егемендігіміздің ширек ғасырлық мерейтойына орай, ел игілігіне берілген демалыс орнының ашылу салтанатына облыс əкімі Жансейіт Түймебаев пен қала əкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің  баспасөз қызметі. 

 Тұрғындардың қуанышымен бөлісе келген өңір басшысы барша шымкенттіктерді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, қаланы жасыл желекке айналдыру үшін шымкенттік әрбір тұрғынды бір тал ағаш егуге шақырды.

«Бұл жер Сіздердің сүйікті демалыс орындарыңызға айналатынына сенімім мол. Халықтың тынығуына жағдай жасау мақсатында қалада көгалдандыру жұмыстары қарқын алып, көптеген демалыс орындары қайта жөндеуден өтіп жатыр. Осы сұлулықты сақтап қалу үшін тұрғындардың да көмегі қажет. Менің әкем зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі ғұмырында 3 мың терек еккен. Сондықтан, әр қайсыңыздың қаланың жасыл желекке айналуына үлес қосуларыңызды сұраймын және бірлесе жұмыс жасауға шақырамын»,- деді Ж.Түймебаев өз құттықтау сөзінде.
Жандарбеков көшесі бойынан ашылған ашық алаңды жөндеуге 58,4 млн. теңге жұмсалған. Жалпы аумағы 1 гектардан асатын демалыс орнын іске асыруда жолаяқтар жөнделіп, қалытқылы орындықтар, қоқыс жəшіктері мен жарықтандыру бағаналары орнатылды. Сонымен қоса, көгалдандыру және суару жүйесі жүргізіліп, ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей тұрған субұрқақтар қайта жөндеуден өткізілді. Осылайша, Шымкентке көрік беретін демалыс аймақтарының саны артты.

Айта кету керек, Шымкент қаласында бүгінде көлемі 160 га құрайтын 8 саябақ пен 30 сквер бар. Олардың бірқатары - «Мәртөбе», «Наурыз» саябақтары жөндеуді қажет етсе, шаһардағы ескі қоқыс орнын саябаққа айналдыру жұмыстары да жоспарда бар. Алдағы уақытта «Қарасу» және «Шымтөбе» скверлеріне де қайта құру жұмыстары жүргізілетін болады.