ОҚО әкімі Созақ ауданында атқарылып жатқан жұмыстарды сынға алды
Облыс әкімі Созақ ауданында өткен кеңейтілген мәжілісте өңірдегі білім мекемелері 20 тамызға дейін жаңа оқу жылына толық дайын болуы керектігін ескертті. Жаңа талап бойынша құрылыс нысындарының сапасы жайлы ауыл әкімі мен мектеп директоры тиісті орындарға ай сайын мәлімет жолдауы қажет. Теріскейде бюджет есебінен салынған нысандардағы олқылықтар үшін аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімі басшысына сөгіс берілді. Бастысы облыстық басқармалар мен жергілікті әкімдіктің тиісті бөлімдері жүйелі жұмыс істей білуі тиіс. Кез келген мәселені іс басында оңтайлы шешу саладағы жұмыстың нәтижелілігін арттырады деген облыс басшысы бұл жиында ауданда атқарылған жұмыстармен қатар, оларды ұйымдастыруға облыстық салалық басқармалардың қосқан үлесін де таразылап, бағалады. Осы орайда облыстағы аудан орталықтары мен қалалардың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында жергілікті әкімдіктердің бас сәулетшілерін облыста арнайы іс-тәжірибеден өткізіп, біліктілігін арттыруға ерекше тоқталды. Әрі қарай есепті жиында су көздерінің тиімділігін арттыру жайы талқыланды. Бүгінде ауданда 25 шақырым канал жөндеуді қажет етеді. Оған кететін шығын 335 млн. теңгені құрайды. Су арналарын қалпына келтіруде тек бюджетке ғана салмақ артпай, каналдардың жекеменшік иелерін де бұл жұмысқа жұмылдырудың тетіктерін белгілеуді жүктеді. Жекенің қолындағы су арналарының бүгінгі ахуалына алаңдаған өңір басшысы қолданыстағы заң талаптарын пайдалана отырып, сапалы қызмет ұсынбай, тек жеке мүддесін ойлайтын канал иелеріне шара көруді тапсырды. Одан бөлек суармалы алқаптардың көлемін ұлғайту маңызды міндет екендігін айтып, Қызылкөлді қалпына келтіру бойынша зерттеу жұмыстарына назар аударды. Ауыл шаруашылығы саласында ет, жұмыртқа өнімдерін өндіруге байланысты меже белгіленгенімен ол өз деңгейінде орындалмаған. Ауданда «Сыбаға» бағдарламасының атқарылуы да төмен.
«Жіберілген кемшіліктердің барлығы ауыл әкімдерінің статитистикалық деректерді дұрыс бере алмағандығынан», - деді өңір басшысы. Теріскей халқы ежелден ата кәсіп - мал шаруашылығымен айналысады. Дегенмен, жергілікті әкімдік тарапынан ұйымдастыру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуі салдарынан мал бордақылау алаңдарын ашу жөніндегі жоспар-тапсырма дұрыс атқарылмаған. Жалпы, өңіріде мал шаруашылығын өркендетуге арналған өңірлік іс-шаралар жоспарын іске асыруға қомақты қаржы қаралған. Ал осы істі жүргізуге несие алған шаруалардың арасында созақтық кәсіпкерлердің үлесі аз. Қазіргі кезде «Шолаққорған» СТК құрылып, осы құрылым арқылы 389 тонна ет өндірілген. Сондай-ақ кеңейтілген жиында аудандағы жердің бірыңғай дерекқорын қалыптастыру, жерді үлестіруде жариялылықты барынша қамтамасыз етіп, тек аукцион арқылы сатылымға шығару, индустриалды аймақта ашылуы тиіс жобалардың белгіленген мерзімде іске асуын қадағалау сынды маңызды міндеттер жөнінде нақты тапсырмалар берілді.