Кездесуде аймақ басшысы қонақтарға облыстың экономикалық жағдайын таныстырып, туризм индустриясын дамыту мүмкіндіктерін баяндады.
«Өздеріңіз білетіндей Оңтүстік Қазақстан облысы ЮНЕСКО Бюросымен тығыз байналыс орнатқан. Оған өңіріміздегі ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Сайрам-Өгем ұлттық паркін дәлел ретінде келтіруге болады. Бұл біздің аймақтың тарихи - мәдени ескерткіштерге бай екенін көрсетеді. Міне, осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, облыстағы туризм саласын дамытуды көздеп отырмыз. Сіздерді осы бағытта түрлі жобаларды бірігіп жүзеге асыруға шақырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі өңірдегі туризм саласында жұмыс істеп тұрған «Ontustik tourism center» туристік ақпараттық орталығы туралы да әңгіме өрбітті. 2015 жылы іске қосылған орталық ақысыз түрде туристік қызмет көрсетуге, тарихи-мәдени нысандар туралы ақпараттардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мекеме елімізден бөлек, шетелдік туристік компанияларды тарту жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар жиында облыста аталған саламен айналысатын арнайы басқарманың құрылғаны да сөз болды.
Өз кезегінде Криста Пиккат «Ұлы жібек жолының» бойында жатқан бұл өлкені Қазақстанның негізгі туристік ошағына айналдыруға болатынын атап өтті. Сондай-ақ, облыстағы зерттеуді қажет ететін тарихи орындардың құпиясын ашуға көмек көрсететіндіктерін айтты.
Жиын соңында Жансейіт Түймебаев қонақтармен естелікке суретке түсіп, оларға сый-сияпаттар жасады.