Жиын барысында аймақ басшысы шенеуніктерге мемлекеттік қызметтерді egov.kz порталы арқылы электронды түрде алып, басқаларға үлгі болуға шақырды. Отырыста мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыру және қызметтерді электрондық форматқа толығымен көшіру мәселесі айтылды.
Бұл ретте, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті өкілдері электронды түрде қызмет алу тәсілдерін түсіндіретін екі тілде бейнеролик әзірлеп, memkyzmet.kz сайтының egov.kz айдарына орналастырғанын жеткізді. Себебі, халықтың компьютерлік сауаттылығының төмендігі мен қызметтерді электронды түрде алу тәсілдерін жетік меңгермеу салдарынан электронды қызмет үлесі мардымсыз.
Бейнеролик облыстағы ХҚКО-лардың 33 бөлімшесінде екі ай көлемінде көрсетіледі. Сонымен бірге аймақтық оқыту орталығы мен жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде көрсетілетіні жоспарланған. Бұдан бөлек, видео барлық мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің дербес компьютерлеріне орналастырылған.