ОҚО әкімінің бірінші орынбасары бастаған арнайы топ Қазығұрт, Сарыағаш аудандарындағы құрыылыс нысандарының сапасын тексерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяуда ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалдының бекітуімен облыс аумағында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан әлеуметтік нысандардың сапасына, тапсыру мерзіміне және құрылысына мониторинг жүргізу жөнінде құрылған арнайы топ Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы мен сапасын тексерді.

Бүгінге Қазығұрт ауданында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 4 білім беру нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 


Атап айтқанда, аудандағы Қақпақ ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы 2015 жылдың маусым айында басталып, ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға тапсырылуы жоспарланса, құрылысы 2016 жылдың маусым айында басталған Махамбет елді мекеніндегі М.Өтемісұлы атындағы 300 орындық, Ынталы елді мекеніндегі 300 орындық және Қаржан елді мекеніндегі 300 орындық білім беру нысандарының құрылысы 2017 жылдың маусым айында пайдалануға беру күтілуде. 

Аталған білім беру нысандарының жалпы құны 2 562 млн. теңгені құрайды. Білім ошақтары ел игілігіне берілгеннен кейін 1200 балаға білім алу мүмкіндігі ашылмақ.

Сонымен қатар, Сарыағаш ауданында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 4 білім беру нысандарында құрылыс жұмыстары жүгізілуде. 

Таратып айтсақ, Атамекен елді мекеніндегі А.Байтұрсынов атындағы 300 орындық, Дастан ауылындағы 300 орындық білім беру нысандарының құрылысы 2015 жылдың маусым айында басталып, осы жылдың тамыз айында пайдалануға тапсыру жоспарланса, құрылысы 2016 жылдың маусым айында басталған Аққорған ауылындағы 600 орындық, Қанағат ауылындағы Төлеби атындағы 300 орындық мектеп құрылысы 2017 тамыз айында пайдалануға тапсыру күтілуде. 

Бұл білім беру нысандарының жалпы құны 6 288 млн. теңгені құрайды. Білім ошақтары пайдалануға тапсырылғаннан кейін 2100 балаға білім алу мүмкіндігі ашылады.

Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында құрылысы жүргізіліп жатқан білім беру нысандарын аралаудың нәтижесі бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды тапсырысшы, мердігер мекемелермен техникалық қадағалаушыға, бекітілген өндірістік кестеге сәйкес, сапалы және мерзімінде аяқтауды, қатаң бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.