ОҚО: Арыста денсаулық нысандары ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Арыс қаласындағы Саналы және Шағыр елді мекендерінде фельдшерлік амбулаториялық бекет қолданысқа берілді. Бұл туралы ОҚО-ның баспасөз қызметінен мәлім етті.

1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне орай өткен ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Болатұлы қатысты. Денсаулық сақтау нысандары облыстық бюджет есебінен салынды.

«Мемлекеттің басты байлығы - халық. Ал халықтың басты байлығы - денсаулығы. Бұл үшін әр елді мекенді ауруханамен қамтамасыз ету бағытында жұмыс атқаруымыз тиіс», - деген М.Болатұлы барша тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Медициналық нысанда фельдшерлік және  акушерлік кабинеттер, екпе бөлмесі орналасқан. Кабинеттердің бәрі де толықтай заманауи жаңа үлгідегі аппараттармен жабдықталып, білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір. Енді мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандарға кез келген көмек көрсетілетін болады.
  

Бұдан бөлек, осы күні Арыс қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жеке кәсіпкер М.Ержігітовтің бастамасымен жаңадан бой көтерген заманауи «MADANI» қонақ үй кешені ашылды.
 
 

Бұл нысанның ашылуымен жаңадан жұмыс орындары құрылып, қаланың туристiк әлеуетi арта түспек.  Екі қабатты ғимаратта заман талабына сай жасақталған қонақ бөлмелер, асхана, автокөлік жуу, автокөлік жөндеу цехтары орналасқан.