ОҚО ауыл әкімі пара алғаны және қызмет бабын теріс пайдаланғаны үшін бес жылға кесілді

ШЫМКЕНТ. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысында ауылдық әкімдердің біріне үкім шығарылды,

деп хабарлайды экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі.

Сарыағаш ауданы Бірлесу ауылдық округының бұрынғы әкіміне қатысты тергеу аяқталып, үкім шығарылды. Ол 2008 жылғы ақпанда іс жүзінде жоқ үйді тасқын судан апатты жағдайда қалып отыр деп техникалық жай-күйін зерттеу жөнінде қасақана жалған акт жасаған. Үйді 2,6 млн. теңгеге бағалап, ауданның бір тұрғынының меншігіне заңсыз тіркеген.

«Сонымен қатар, К.Еркінбекованы осы ауылдық округте жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін бөлу туралы шешім шығарғаны үшін 20 000 теңге мөлшерінде пара алу кезінде қаржы полиция қызметкерлері ұстаған», - деді қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Жұпар Мамытова.

«Сарыағаш аудандық сотының үкімімен Еркінбекова қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп табылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның асырауында кішкентай балаларының бар екенін ескеріп, сот жазаны өтеуді 3 жылға кейінге қалдырды», - деп түсіндірді баспасөз хатшысы.