ОҚО: Аймақ басшысы Ұлттық ұлан әскери бөлімінің материалдық базасымен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық тәртіп - басты орында. Ішкі Істер қызметкерлерінің сақадай сай болуы - өңіріміздегі тыныштықтың кепілі. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылым өкілдерімен жүздесті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында қаламыздағы 6506 Ұлттық Ұлан әскери бөлімінің материалдық базасымен де танысты. Сақадай сап түзеген мықты жігіттердің арасында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін барлық құрылымның өкілдері бар. Жол тәртібін бақылайтын полицей, қауіпті аймақтан табылатын шұғыл жасақ, кинологтар мен атты жасақ та - осында.

Сонымен қатар,  көше тәртібін күзететін әскери бөлім қызметкерлері де бар. Облыс басшысы осы кәсіп иелеріне сәттілік тілеп, қауіпсіздік жұмысының маңыздылығына тоқталды. Қауіпті жұмыста жүріп қаймықпай, еңбек еткен шенділерге облыс әкімінің грамотасы табыс етілді. Ерен еңбек ескеріліп, сақшылардың көңілі серпілді. Жиын соңы әскери маршқа ұласты. Нық қадам басқан қауіпсіздік қызметкерлері алаңның ажарын ашты. Құқықбұзушылықтың алдын алу үшін тік тұрып қызмет ететін  жігіттер аманда халықтың түні тыныш, күні ырыс болмақ.