Үш жылдан бері қордаланған қарызды қайтару ісі бүгінде сотта қаралуда. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мен еңбек қатынастарды реттеу мәселелері бойынша өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың төрағалығымен өткен мәжілісте Облыстық еңбек инспекция басшылығы еңбек заңнамасын бұзған кәсіпорындарды атап өтті. Биылғы жылдың өзінде жекеменшік серіктестік жұмысшыларына 5 млн теңге жалақысын төлемей отыр. Ал, өткен жылдың қорытындысы бойынша мекемелер мен кәсіпорындарда 1027 тексеру жүргізіліп, 1308 заңбұзушылық анықталған. 45 кәсіпорын мен мекеме 1247 жұмыскерге 158 млн теңге жалақы қарызын бермепті. Жиында осы сынды өзекті проблемалар сөз болып, мекеме басшыларының уәждері тыңдалды.
Облыс әкімінің орынбасары басқосуда жалақыдан қарызы бар мекемелер басшыларына жұмыскерлердің жалақысын төлеу бойынша тиісті іс-шараларды атқаруды тапсырды. Барлық аудан, қала әкімдеріне және тиісті басқармалар басшыларына жалақы қарызын анықтауды емес, оның алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуді міндеттеді.
Жиында сонымен қатар Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков жұмысшылардың құқықтарын қорғау мен еңбек қатынастарын реттеу бойынша сөз сөйлеп, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған жол картасы бойынша атқарылатын міндеттерді атап өтті. Басқарма басшысының сөзінше, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға салық органдарына тіркелу жөнінде хабарламалар тарату мен олардың салық органдарына тіркелуі сынды іс-шара жоспарында жүзге жуық міндеттемелер көрсетілген.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр барлық аудан, қала әкімдеріне және тиісті басқарма басшыларына Жол картасы бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарының уақтылы орындалуын тапсырып, оның қорытындысы бойынша айдың соңында есеп берулерін міндеттеді.