ОҚО ТЖД құтқару жасағының ресми өкілі Павел Вишенин мәлім еткендей, бұл туралы хабар Бәйдібек ауданынан 9 шілдеде күндіз келіп түскен.
«Қоңырау шалғандар 2000 жылы туған жеткіншек 8 шілдеде балық аулауға шығып, үйіне оралмағанын айтқан. Ол Бәйдібек ауданы Ақтас ауылының тұрғыны екені белгілі. Құтқару жасағының жеке құрамы жоғалған азаматты іздеуде», - деді Павел Вишенин.
Бастапқыда жас балықшыны құтқару жасағының 8 өкілі, 10 полицей және 50 жергілікті тұрғын іздеген. Олар 4 топқа бөлініп, бірнеше сағат бойы Боралдай өзенінің жағалауы мен шатқалын тексерген. Біреулер жаяу, енді біреулер атқа мініп іздеген. Түнде іздеу тоқтатылып, таңғы сағат 6-да қайта басталды.
Бүгін қосымша топ балықшы жоғалған орынға жетті. Іздеу жасағына 7 құтқарушы мен 1 кинолог қосылды.
Әзірге іздеу жұмыстары еш нәтиже бермей отыр.