ОҚО-да 170 млн теңгені жымқырған шенділер мен олардың сыбайластары сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 170 млн теңгені жымқырған шенділер мен олардың сыбайластары сотталды. Облыстық құрылыс басқармасының және Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшылары Күмісбек Орашев пен Еркін Бұхарбаев Бадам өзенінің сағасын абаттандыру жұмысына бөлінген қомақты қаражатты қалтасына басты деп айыпталған болатын. Ұрланған теңігені жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған сыбайластырына да сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Әл-Фараби аудандық соты екі шенеунік пен «Тұран құрылыс» ЖШС-нің бұрынғы сарапшы маманы Смахановқа 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ал, төртінші айыпталушы, фирманың директоры Шимиров үш жылға шартты түрде жаза арқалады.

Істі қараған аудандық соттың төрағасы Маратәлі Бекназаровтың сөзінше, кәсіпкердің жасы алпыстан асқан соң, оған жаза тағайындау барысында рақымшылық заңы қолданылған. Сотталғандар сондай-ақ мемлекетке келтірген шығын көлемін толық өтеп қойыпты.

Еске салайық, сотталған төртеу өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлері тарапынан ұсталған болатын. Ұрланған 170 млн теңге жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмысқа қатысушылар арасында бөліске салынған. Тергеу барысында олардың қылмыстары толығымен дәлелін тапқан болатын.