ОҚО-да 20 жастағы жігіт жеке тасымалдаумен айналысып жүрген азаматты өлтірді
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Ленгер қаласында криминалдық полиция қызметкерлері пайдакүнемдік мақсатта кісі өлтірген 20 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтап, уақытша ұстау абақтысына қамауға алды.
«Ағымдағы жылғы наурыз айының ортасында Сайрам ауданының Ленгер тас жолының бойында орналасқан ЖЭО-3 жанындағы арықта белгісіз адамның пышақталған мәйіті табылды. Тексеріс барысында мәйттің кім екені анықталды, ол із-түссіз жоғалып, іздестіруде жүрген Шымкент қаласының 33 жастағы тұрғыны болып шықты»,-деді ресми өкіл.
Кейінгі іс-шаралар барысында жәбірленуші бір күн бұрын өзінің үйінен автомашинасымен шығып, оралмағаны анықталды. Жеке тасымалдаумен айналысып жүрген жәбірленуші, жол бойында күдіктіні машинаға отырғызған. Күдікті жәбірленушіге пышақ салып, өлтірген, содан кейін машинаны иеленіп, қашып кеткен.
Ұрланған автомашина табылды. Бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.