ОҚО-да 276 мың гектар алқап шегірткеге қарсы дәріленеді

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстанда биыл 276 мың гектар алқап шегірткеге қарсы дәріленеді. 

Себебі, осы аумақта жыл сайын үйірлі шегіртке тектес зиянкестер шығады. Сала мамандары енді  163,5 мың гектар  жерді агрегаттармен, 40 пайыздан астамы авиациямен, 1 пайызға жуық алқап аспалы бүріккіштермен өңделмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

 Облыс әкімі  Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиында Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нүркен Бадырақов химиялық күрес шаралары  былтырғыдан екі есе артығымен атқарылатынын мәлімдеді. Оның сөзінше  марокко шегірткесіне қарсы шаралар  257,58 мың гектарда, ал азиялық шегірткеге қарсы  12,4 мың гектарда жүргізілмек. Сондай-ақ, италиялық прус шегірткесіне қарсы  5,92 мың гектар жерге химиялық дәрі себіледі.

«Өңделетін алқаптың 140,35 мың гектары  Сарыағаш ауданына тиесілі болса, 56,3 мың гектары  Арыс қаласының жерлері.  27,2 мың гектар  Шардараға, 20 мың гектар  Ордабасы ауданына,  8  мың гектары Бәйдібек ауданындағы алқаптар.  Облыстық аумақтық инспекция тарапынан өңдеу жұмыстарын сапалы жүргізілуін бақылауға, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге аудандар бойынша 42 инспектор және 18 автокөлік бөлінеді» , - дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нүркен Бадырақов.

Айта кетейік,  257,58 мың гектар  алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 1574,7 мың гектар  алқапта анықтау-зерттеу жұмыстары жүргізу жоспарланыпты. Оған «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы тарапынан штат бойынша 58 адам бөлініп отыр. Бұған қосымша 3 айға уақытша жұмысқа тарту арқылы 33 адам жұмылдырылып,  барлығы 91 адам анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Анықтау-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізу үшін аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарынан қосымша 287 анықтаушы  бөлінетін болады. Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына 71 дана жер үсті агрегаты, 5 дана АН-2 ұшағы қаралып отыр.

Өз кезегінде аймақ басшысы  үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырып, зерттеу-анықтау шараларын тыңғылықты әрі сапалы жүргізуді ескертті.

«Үйірлі шегірткеге және өзге де зиянкестерге қарсы химиялық күрес шараларына  аса жауапкершілікпен қарау керек. Өңдеу жұмыстарына қажетті техникаларды дер кезінде бөлу мен қажетті мамандарды бөлуді аудан және  қала басшыларына тапсырамын» , - деді Жансейіт Қансейітұлы.