ОҚО-да 280 орындық жаңа балабақша ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Созақ ауданы Шолаққорған ауылында 280 орындық «Айшуақ» бөбекжай-балабақшасы ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев пен ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының бас директоры Д.Досанов қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының демеушілік қаржысы есебінен салынған бөбекжайда балаларға барлық жағдай қарастырылған. Мұнда бүгінде жалпы саны 83 қызметкер жұмыспен қамтылып отыр.  

Құрылыс алаңының жалпы аумағы 3 281 шаршы метрді құраса, оның ішінде 1 822 шаршы метрі балабақша ғимараты, ал 1 459 шаршы метрі көркейту-көгалдандыру алаңы болып отыр.

Жалпы Созақ ауданында 36 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның он бірі шағын  орталық, сегізі жеке меншік нысанда қызмет көрсетеді. Осы жылдың өзінде төрт балабақша ашылса, жыл соңына дейін үш балабақша ашылады деп күтілуде. Осылайша, балабақшамен қамтылғандар саны биыл 3 530-ге жетіп, 88,8 пайызды құрады.