ОҚО-да 3 мыңға жуық борышкер елден шыға алмайды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік сот орындаушыларының саны 30 пайызға қысқартылып, жеке сот орындаушылар саны 196 жеткен. Бұл туралы бүгін аймақтық коммуникациялар қызметінде облыстық Әділет департаментінің басшысы Е.Дауылбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Былтыр жеке сот орындаушылар тарапынан алименттерді өндіруге қатысты  ауқымды жұмыстар атқарылған. Өңірде алименттерді өндіру бойынша екі мамандандырылған және қосымша жеке сот орындаушылар кеңсесі ашылған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе жазалған меморандум аясында 47 борышкер жұмысқа орналастырылды. Алимент төлеуден бас тартқаны үшін борышкерлердің қылмыстық жауапкершіліктері қаралған. 2 919 борышкердің елден  шығу мүмкіндігі уақтылы тоқтатылған.

«Қолданыстағы заңнамалардың нормаларын бұзғаны үшін 7 нотариустың лицензиясы тоқтатылып, 40 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Заңға қарама қайшы әрекеттер жасаған 2 нотариус пен 2 адвокат лицензияларынан айырылған», - деді Е.Дауылбаев.

Департамент басшысы бұдан бөлек, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 457 бабы 1 тармағына сәйкес, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеуге уақытылы ұсынбағаны үшін Мақтарал, Ордабасы, Отырар аудандарындағы 4 лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік істер қозғалып, айыппұлдар салынғанын атап өтті.

Сондай-ақ өңірлік Әділет департаменті қызметкерлері тарапынан заңсыз айналымнан 3,5 млн теңгенің 484 дана контрафактілік өнімдері алынған.  «Hermes International S.C.A», «Aplle Inс», «Brown-Forman Finland, Ltd», «HELIX», «Рахат Шымкент» және басқа да тауар таңбаларының иеленушілердің құқықтары қорғалған.

Айнұр Ақбаева