ОҚО-да 3 мыңнан астам тұрғын үйге улы газдың иісін анықтайтын қондырғы орнатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 3 мыңнан астам тұрғын үйге улы газдың иісін анықтайтын қондырғы орнатылды. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі А.Путейко мәлім етті.

Облыста жыл басынан бері газбен улану бойынша 9 оқиға тіркелсе, ондағы 24 адам зардап шегіп, 12 адам қайтыс болған. Төтеншеліктер орын алған қайғылы оқиғалар біріншіден, желдеткіш жүйелерінің бұзылуынан, екіншіден, газ құбырларының дұрыс жұмыс істемеуінен туындайтынын айтады.
Қазіргі таңда газбен улану оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты облыс көлемінде көмір қышқыл газдың иісін анықтайтын қондырғылар 3 мыңнан астам жеке және көпқабатты тұрғын үйлерге, сонымен қатар 1 мыңнан астам мекемелерге орнатылды. Бұл қондырғы бөлмеге тараған улы газды анықтаған сәттен бастап, дабыл дыбысын шығарады. Ал құлағы нашар еститін жандар үшін жарықты дыбыс арқылы ескертіледі.
Төтенше департаментінің мамандары көгілдір отын мен қатты отынды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.