ОҚО-да 32 жанар-жағар май тасымалдаушы компанияның құқығы қорғалды

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының 32 жанар-жағар май тасымалдаушы компаниясының құқығы қорғалды. Бұл мәселе еліміздің Бас прокуратурасының қолдау көрсетуінің арқасында оң шешімін тапты. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлік палатасында өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Еске салайық, бір жыл бұрын мұнай өнімдерін сатумен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер биліктен шұғыл көмек сұрап, дабыл қаққан еді. Онда олар 2012-2013 жылдары «Alma Оil Еnergy» серіктестігінен жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай материалдарын сатып алып келгенін айтқан.
 

Оған сәйкес, өңірге 5 млрд. 134 млн теңге тұратын 50 мың тонна жағармай қабылданып алыныпты. Алайда, 2015 жылдың желтоқсан айында сот аталмыш серіктестік пен оған қарасты тағы екі компанияға қатысты жалған кәсіпкерлік бабы бойынша үкім шығарды. Сот үкіміне байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті «Alma Оil Еnergy» және оған қарасты фирмаларымен жұмыс істеген 101 компанияға қомақты салықтық есеп төлеу туралы хабарлама жібереді. Ол тізімде күнгейлік 32 компания да бар болған. Тиісті қаржыны төлемеген жағдайда, кәсіпкерлердің шотына тыйым және айыппұл салынатыны көрсетілген.

Кейіннен мәселе шұғыл түрде ОҚО Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің отырысында қаралып, Бас прокуратураға үкімді қайта қарау бойынша хат жолданған еді.
 

«Бизнес-Омбудсменнің араласуының арқасында кәсіпкерелер келісімшарттың растығын дәлелдейтін құжаттарды сотқа тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде, Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Е.С.Минаковқа қатысты қылмыстық іс 101 кәсіпорынмен жасалған келісімшарттар эпизодында іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауынан тоқтатылды»,- деді өз сөзінде Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Газизбек Натбаев.
 

Кейіннен Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы алғашқы үкімнің күшін жойды.

«Бас прокурор бізді қолдап, Жоғарғы соттың және Алмалы аудандық сотының үкімі өзгертілді. Ол үлкен жұмыс болды. Кеше үлкен қуанышты жаңалықты естідік. Біз мұндай көмекті алғаш рет көріп отырмыз», - дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық «Жанар-жағармай қауымдастығының» төрағасы Қайыпбек Қамбаров.
 

Соңғы жаңалықтар