ОҚО-да 360 орындық жаңа балабақша ашылды

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 360 орындық балабақша пайдалануға берілді. Жаңадан ашылған «Лидер» балабақшасында бүгінде 55 адам жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заманауи үлгіде салынған ғимаратқа 380 млн теңгедей қаржы жұмсалған. Бөбекжай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Жас өрендердің тәрбие алуына және олардың бойына білімнің алғашқы негізін қалауға қажетті жағдайдың барлығы жасалып отыр. Балабақша ішіндегі ойын алаңына да ерекше көңіл бөлінген. Өйткені, мекеменің басты бағыты бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қана қоймай, олардың спортпен айналысуына да баса назар аударылған.

Арыс қаласына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мектепке дейінгі білім беретін мекеменің ашылу салтанатына қатысып, бүлдіршіндерге балдырған велосипедін сыйға тарты. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Арыс қаласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында құрылысы жүріп жатқан балабақшамен де танысты. 100 орынға шақталған балабақшаның құны 80 млн. теңгені құрайды. Заманауи үлгіде салынып жатқан нысан 2018 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Айта кетейік, тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласында бүгінде 49 мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 4207-де бала тәрбиеленуде, яғни балабақшамен қамтылу көрсеткіші 85,9 пайызды құрап отыр. Соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 27 жекеменшік балабақша, 10 мемлекеттік, 12 мектеп жанынан ашылған балабақша жұмыс істеп келеді.

Соңғы жаңалықтар