Өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов көктемгі мезгілде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда облыс көлеміндегі 43 су қоймасының бірқатары толуына байланысты транзиттік режімге көшірілген. Яғни, бұл дегеніміз су қоймаларының нөсерлеп жауған жауын-шашын мен таудағы қардың ерінді суларын қауіпсіз қабылдап өткізу мүмкіндігін төмендеткен.
Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін бұл бағыттағы жұмыстар басталып жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізген Нұрболат Бекболатұлы су қоймаларда қауіпсіз режімді сақтау барынша күшейтілгенін алға тартады. Мәселен, Жамбыл облысында жауған қатты жауын-шашын мен таудағы қардың еруі салдарынан Боралдай өзенінің суы 375 см-ге көтеріліп, Боралдай елді мекенінің тұсында ағысы секундына 250 текше метрді құраған.
«Жергілікті әкімдік пен полиция, өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері тұрғындармен бірігіп қорғаныс дамбаларының осал жерлерін көтеріп, нығайтып, тәулік бойы қауіпті жерлерге кезекшілік ұйымдастыру сияқты атқарылған жұмыстар арқасында біз үлкен тасқын суды өткізіп, Түлкібас ауданындағы бірнеше елді мекендерді су басудан қорғадық»,-деді Н.Дербісов.
Боралдай өзенінің тасқын суы Арыс өзеніне қосылып, судың ағысы секундына 243 текше метр жылдамдықпен өткен. Салдарынан Ордабасы, Арыс, Отырар аудандарында судың деңгейі көтерілген. Бірақ нақты шараларды уақтылы қолға алып, бөгеттер жасаудың арқасында су тасу қаупі сейілген. Қазірдің өзінде облыс аумағындағы өзен арналарында қажетті шаралар атқару, барлық өзен сулары мен су қоймалары қатаң бақылауға алып, мониторинг жасау жұмыстары жүргізілуде. Өңірде су басуы қаупі бар жерлерде қашыртқы каналдар мен арықтарды қоқыстардан тазалап, су өткізу қабілетін жоғарылату және су қоймаларында қауіпсіз режимді сақтау жұмыстары қолға алынып отыр. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков жауапты мекеме басшыларына, сондай-ақ аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына байланысты жағдайды күнбе-күн бақылап, мониторинг жасап, барлық қажетті шараларды қолға алуды тапсырған болатын. Қазір күнгейде күн едәуір жылынып, ауа температурасы 20 градустан жоғары болып тұр.