ОҚО-да 80-ге жуық науқастың бүйрегi ауыстырылды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгiнгi таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 80-ге жуық науқастың бүйрегi ауыстырылып, 8 науқастың бауырына трансплантация жасалды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ширек ғасыр iшiнде елiмiздiң денсаулық сақтау саласында  да үлкен серпiлiс жасалды. Әсiресе, үшiншi мегаполис саналатын Оңтүстiк Қазақстан өңiрiнiң медицинасы да айтарлықтай табыстарға жеттi. Атап айтқанда, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы республикадағы аймақтар арасында тұңғыш рет  адам ағзасын трансплантациялау бағдарламасын сәттi игердi. Жергiлiктi дәрiгерлер Оңтүстiк Корея, Ресей Федерациясы, Беларусь, Түркия мемлекеттерiмен тығыз iскерлiк байланыста болып, алыс және жақын шетелдерде оқып, бiлiмдерiн жетiлдiрдi. Ал, бiлiктi мамандар Шымкентте шеберлiк сыныптарын өткiзiп, өздерiнiң бай тәжiрибелерiмен бөлiстi. Аталмыш аурухананың материалдық-техникалық базасы заманауи құрал-жабдықтармен толықты. Диагностикалаудың, ота жасаудың және емдеудiң озық технологияларымен қаруланған бiздiң дәрiгерлер  науқастардың ағзаларын ауыстыру сияқты күрделi операциялар жасауға машықтанып, трансплантациялау iсiн меңгере бастады. Өңiр медицинасы сырқаттың соқырiшегiне ота жасаудан ағза мүшелерiн ауыстыруға дейiнгi күрделi кезеңдерден сүрiнбей өтiп келедi. Қол жеткен табыс олар үшiн шек емес. Бүгiнгi таңда 80-ге жуық науқастың бүйрегi ауыстырылып, 8 науқастың бауырына трансплантация жасалды. Кезекте тұрғандар әлi көп.