Өңірдің прокурорлары бас бостандығынан айырылған азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында кәсіпкерлерді тартып, бірлесіп жұмыс жүргізуде. Бүгін облыс аумағындағы алты түрмеде кішігірім цехтар мен наубайханалар, өндіріс орындары ашылған.
«Бізде қазір 17 кәсіпкер түзеу мекемелеріне кіріп, өздерінің цехтарын ашып, жазаларын өтеп жатқан азаматтарға жұмыс беріп, кәсіптерін жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлерге мұндай жерде жұмыс істеу өте тиімді. Мысалы, ондағы цехтарды жалға алу тегін. Екіншіден, жұмыс орнында ПТУ бар бізде, әрбір мамандықтарға үйретуге мүмкіншіліктері бар. Егер кәсіпкерлер келеміз десе, өздерінің заттарын әкеліп, бұйымдарын жасата береді. Олардан ақысын төлеу ғана сұралады», - дейді облыстық прокуратураның басқарма бастығы Ермек Әйтімов.
Темір торға тоғытылғандар электр монтерi, газ-электр дәнекерлеушi, тiгiншi-әмбебап, автомеханик, токарь-әмбебап және ағаш ұстасы сияқты мамандықтарды меңгеруде. Түрме қызметкерлерінің айтуынша жазасын өтеушілердің қолынан шыққан дүниелер әп-сәтте сатылып кетеді. Себебі, бұйымдардың бағасы арзан, сапасы да жақсы. Қолдан жасалған бұйымдар қашан да нарықта өз бағасын жоғалтпайтыны белгілі. Тұрмыста қажетті бұл дүниелерді саудаға шығару кәсіпкерлер үшін де көп пайдасын тигізіп отыр. «Рессолизация: Сен қоғамға керексің» жобасының аясында өңірдің прокурорлары биылғы жылы бірқатар түзеу мекемелерінде оқыту орталықтарын ашқан. Онда сотталғандар жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша мамандықтарды меңгеріп отыр. Ал, жазасын өтеп шыққандарды тұрақты жұмыспен қамту үшін пробация бағдарламасымен қолдау көрсетілуде. Айта кетейік, өткен жылы өңірде 60 адам осы бағдарламамен білімін жетілдіріп, кәсіп меңгерген болатын.