Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың бастамасымен өткен шараға 400-ге жуық шаруа қожалық өкілдері, мақта қабылдау зауыттарының, несиелік ұйымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Жиында аудан басшысы биылғы жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі 5 бағытын айқындап берді.
«Бірінші, аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие қаржылармен қамтамамсыз ету. Екінші, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен машина-тракторлық станциялар жүйесін жетілдіру, ауданымызда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру. Үшінші, ауданымыздағы суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, су жүйелерінің су өткізгіштік қабілетін жақсарту іс-шараларын атқару. Оның ішінде даму банктерінің қаржылары мен жеке инвесторларды пайдаланып, ирригациялық жүйелерді қайта құра отырып, суармалы алқаптарды ағын сумен қамтамасыз ету көзделуде»,- деді Жамантай Бейсенбаев.
Әкім сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, модульді сүт қабылдау бекеттерін, мал бордақылау алаңдарын ашу жоспарланып отырғанын атап өтті. Алдағы жылдары ауданнан ауыл шаруашылығы тауарларын шаруалардан арзан бағада сатып алып, сақтау үшін қойма салу әрі ауыл шаруашылығы өнімдерін өзге аудандар мен облыстарға тасымалдау арқылы саудалау көзделуде екенін жеткізді. Ол үшін ауданда ирригациялық жүйелерді қайта құра отырып, суармалы алқаптарды ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстары жасалуда.
Сонымен қатар, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту үшін коллектор-дренаж жүйелерін жөндеу және тік дренажды ұңғымаларды қалпына келтіру, жаңа жер игеру жұмыстарын жүргізу қолға алынбақшы.
Осы түйткілдерді тілге тиек еткен аудан басшысы Жамантай Бейсенбаев алдағы бір жылда өңірден ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі күшке айналатын кооперативтердің қатары артатынын алға тартты.