Белгілі болғандай, Сайрам аудандық ІІБ-на жергілікті тұрғын арызданған. Ол есігінің алдындағы малдың басын көбейтіп беремін деген танысына 6,5 млн теңге тұратын 16 жылқысын бергенін айтыпты. Кейіннен берген уәдесінде тұрмай, жылқыларды да, ақшасын да қайтармаған. Осы арыздан кейін аудандық полиция қызметкерлері алаяқ кісіні қолға түсірді.
Тергеу барысында оның осы жылдың сәуір айында Түркістан қаласы тұрғынынан полиция қызметіне жұмысқа кіргіземін деп 20 мың АҚШ долларын алғаны анықталды. Сезікті осылайша үш адамды тақырға отырғызып кетіпті. Жәбірленушілерді ол «жоғары жақта мықты көкем бар» деп сендірген болып шықты. Қазіргі таңда қолға түскен күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» және 189-бабы «Бөтеннің мүлкін жымқырмен» іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ оның өзге де қылмыстарға бар-жоқтығы тексеріліп жатыр.