Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, сезіктіні ұстауға жергілікті тұрғындардың арызы себеп болған.
«Ондаған адам бейтаныс ер адам жұмысқа тұрғызып беремін деп қомақты қаржысын алып кеткенін айтқан. Жәбірленушілердің сөзінше, алаяқ өзін «құқыққорғау органының қызметкерімін» деп таныстырып, жұрттың сеніміне кіріпті. Сөйтіп бір адамның өзінен жарты миллионнан астам теңгесін алып, алдап кеткен» делінген баспасөз хабарламасында.
Жедел-іздестіру шараларының барысында Мақтаарал аудандық 1-ші полиция бөлімінің қызметкерлері күдікті ретінде 1990 жылы туған жұмыссыз, жергілікті тұрғынды ұстаған. Қазір осы жайтқа қатысты Қылмыстық кодекстің 190-шы «Алаяқтық» бабымен іс қозғалып, полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Жинақталған құжаттар сотқа жолданды.