ОҚО-да аста-төк дастарханға тыйым салынды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» атты имамдар форумы өтті. Жиында дін өкілдері шариғат және пәтуа мәселелерін негізге ала отырып, марқұмның бір жылға дейінгі ас-су беру мәзірін бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.



Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің XV отырысында бірауыздан қабылданған «Жаназа һәм жерлеу мәселелері» кітабында көрсетілген тәртіп бойынша ас мәзіріне 18 тағам кірді. Атап айтқанда, нан, бауырсақ, жеті нан, тары, талқан (жарма), құрма, қант, кәмпит, печенье, өрік-мейіз, қаймақ, сары май, шай, су, ет немесе күріш тағамдары.

Өңірдің бас имамы  Ахметжан  Керімбектің сөзіне қарағанда, бұл шаралар марқұмдардың жаназасында жасалатын аста-төк дастарханға тыйым салу мақсатында қолға алынып отыр. Бәзбіреулер қалтасы көтермесе де осындай дастархан жасауға әрекет етіп, қарызданып жатады екен. Сонымен қатар адам бақилық болған соң жеті және қырық күндік астарда, әр бейсенбі күндері құран бағышталғанда да тойдағыдай дастархан жасау ел ішінде әдетке айналып кеткен. «Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын» деген тәмсіл сөзді негізге алғандар, осындай  нәрселерге біршама тосқауыл қоюы қажет деп отыр. Форумда дін өкілдері ас мәзірін бекітіп, ол бойынша үндеу қабылдады. Тізімге енген ас түрлерін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен бірқатар ел ағаларына көрсетіп, көпшілік арасында насихаттауды атап өтті. Басқосуда сонымен қатар жаназа шығарудың тәртібі мәселелері де сөз болып, дұрыс жолы түсіндірілді.