ОҚО-да аудандық ІІБ бастығының екі орынбасары мен қатардағы полицейлер қамауға алынды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ОҚО-да Отырар аудандық ІІБ бастығының екі орынбасары мен жедел уәкіл және учаскелік полиция инспекторы қамауға алынды.

Төрт тәртіп сақшысына  пара алған, есірткі затын тасымалдаған және сақтаған деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Әл-Фараби аудандық соты қолға түскен полицейлерді екі айға уақытша тергеу абақтысына қамау туралы санкция берді.  Бұл туралы бүгін аталған аудандық соттың судьясы Ғани Байарыстан мәлімдеді. Судьяның сөзінше, ұсталғандардың барлығы Отырар аудандық ішкі істер басқармасында лауазымды қызмет атқарған. Күдіктілерді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қолға түсірген. Қазіргі таңда оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Егер полицейлердің кінәсі дәлелденсе, 15 жылға дейін сотталулары мүмкін. Өйткені, тәртіп сақшыларына тағылған айып аса ауыр дәрежедегі қылмыс түріне жатқызылады.

«Ұсталған 3 қызметкер де лауазымды тұлға болып қызмет атқарады және қызмет бабын пайдалана отырып, есірткі затын сақтаған, иемденген, тасымалдаған деген айып тағылып отыр. ҚР ҚК 297 бабының 3 бөлігінің 1,2,4 тармақтары аса ауыр қылмыс болып саналады. Санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін көрсетілген. Ал, бір учаскелік инспекторға қатысты оның әрекеті тек ҚР ҚК 366 бабының 3 бөлігі 2 тармағы  пара алу мәселесі бойынша болып отыр. Бірақ, ол бап та ауыр қылмыстар санатына жатқызылады, 12 жылға дейін»,-деді Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ғани Байарыстан.

Айта кетейік, өңірде тәртіп сақшыларының ұсталуы бірінші жағдай емес. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Шымкент қаласындағы 4 учаскелік инспекторды қолға түсіріп, олардың үстінен Қылмыстық кодекстің  4 бірдей бабы бойынша («Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу»,  «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» және  «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») қылмыстық іс қозғалып, ОҚО  ҰҚКД  уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған болатын.