ОҚО-да ауылдастарын атып өлтірген үш тұрғын сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында ауылдастарын атып өлтірген үш тұрғын сотталды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты екеуін ұзақ мерзімге, үшіншісін 3 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған соттың үйлестіруші- судьясы Әбинұр Қарабаевтың сөзінше, қылмыстық оқиға осы жылдың қаңтар айында Созақ ауданындағы ауылдардың бірінде болған. Сот барысында марқұмның бұрын істі болғаны, жазасын өтеп келген соң ауылдастарын қинағаны анықталды. Атап айтқанда, тұрғындардан ақша жинап, тіпті травматикалық тапаншадан оқ атқан кездері болған. Осыған шыдамаған ауылдың жігіттері алдын ала жоспар құрып, 1-ші қаңтар күні ауылдастарын атып өлтірген.

«Екі айыпталушы марқұмды қарумен атқан. Оларға 15 жыл 3 ай мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал, үшінші айыпталушы қару атудан бас тартқаны үшін жазасы жеңілірек болды. Ол үш жылға сотталды»,-деді Әбинұр Қарабаев.