Оңтүстікте қазір бауыры ауыр халге жеткен 500-ден аса науқас бар. Олар - гепатит, бауыр ісігі, бауыр церрозы және басқа да түрлі дертке душар болғандар. Соның ішінде, ең асқынғаны - бауыр церрозы. Бұл диагнозға душар болғанға өмірін жалғастырудың жалғыз жолы бар. Ол - дімкәс мүшесіне трансплантация жасау ғана. Бүгінде өңірдің дәрігерлері мұндай жандарға тек туған-туыстарының бауырын салуда. Дегенмен мамандар бұл тығырықтан шығармайды деп отыр.
«Ағайындарынан бауыр алып салумен біз алысқа бара алмаймыз. Бізге мәйіт трансплантациясын дамыту керек. Ми өлген кезде, оның жүрек, бауыр-бүйрегін алып салған оңайырақ еді. Себебі, тірі адамның дене мүшесін алу қауіпті саналады», - дейді Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Мәди Бегалиев.
Ауруханадағы науқастардың бірі Абылай орда бұзар 30 жасқа таяғанда ауыр дерттің тырнағына іліккенін айтады. Ауруын елемей жүрген 3 жыл ішінде әбден асқындырып алған. Ауруханадағы дәрігерлер оған 6 күн бұрын бауыр алмастыру отасын жасады. Туған ағасының бауырынан жартысын кесіп алып, дімкәске салған. Ал, Гүлнәр Сартбаева ағзасын осыдан 2 жыл бұрын алмастырған. 55 жастағы ол бауыр церрозының зардабын тартыпты. Маңызды шешім тұрғанда өз перзенті мейірімділік танытып, анасымен бауырын бөлісті. Ота білікті дәрігерлер арқасында сәтті шықты. Бүгінде ағзасын алмастырғандардың барлығының дерлік жағдайы жақсы.
Айта кетейік, өңірде осындай бауыр церрозына шалдығып, шұғыл трансплантацияны қажет ететін 200-ге тарта науқас бар. Операцияны жасау шетелдегідей 150-200 мың доллар тұрмайды. Барлығы мемлекеттің қолдауымен тегін жүзеге асырылады. Бар болғаны бауырымен денесіндегі бауырын бөлісетін жан табылса болғаны.