Велошеруге облыстық, аудандық соттардың судьялары мен облыс әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшылары және жергілікті мәслихат депутаттары мен жастар, барлығы 120-дан астам адам қатысты. Облыс орталығының «Ордабасы» алаңынан басталған іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының маңыздылығына тоқталды.
Ал, облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов велошерудің басталу тарихына тоқталып, бүгінгі шара Мемлекет басшысының мақаласында айтылған рухани жаңғыруды іске асырудың нақты бір бағыты деп айтуға болатынын жеткізді. Осыдан кейін велосипедшілер жолға шығып, республикалық «Ұлттық тарихи-мәдени қорығындағы» мәреге жетті. Оларды Ордабасы ауданының басшылығы мен ауыл тұрғындары салтанатты түрде қарсы алды. Одан әрі велосипедшілер Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументіне жол тартты.