Басқосуда аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев жаңа заң жобасының маңыздылығына тоқталып, маман дарярлау мәселесіне мән беруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде өңірде 427 адвокат қызмет атқарады. Яғни, бұл бір адвокатқа 6766 азамат жүгінеді деген сөз. Сондай-ақ, облыстағы халық саны көп шоғырланған Түркістан қаласында бір адвокатқа 13 мың азаматтан келсе, Мақтарал ауданында бір адвокатқа 20345 азамат жүгінеді. Облыстық әділет департаментінің басшысы Орынбасар Тастанов осылай мәлім етті. Оның сөзінше, елімізде адвокаттардың жетіспеушілігі байқалады. Заң көмегін көрсету барысында сапаның төмендігі мен азаматтарды қорғау механизмінің жоқтығы да сезіліп отыр. Осы олқылықтарды шешу үшін елімізде «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Аталған құжатта «заң кеңесшілері» деп аталатын жеке пратикамен айналысатын заңгерлерді палатаға біріктіру мәселесі көзделіп отыр. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибедегі «Про Боно» институтын енгізу жоспарда бар.
«Қазақстанда «Про боно» жүйесін енгізу әлеуметтік және қаржылық жағдайы төмен азаматтарға өте тиімді болады. Ол халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Мұндай көмек тараптардың ерікті келісімі және жалпы қағида негізінде қайтарымсыз түрде көрсетіледі. Сондай-ақ халықты ақпараттандыру және әділетті баға белгілеу мақсатында тарифтік шкала көзделіп отыр. Ұсынылған тарифтерді ескере отырып, азаматтар заң көмегінің орта бағасын анықтауға және хабардар болуына болады», - деді Орынбасар Тастанов.
Өңірдегі заң көмегіне жүгінетін азаматтардың көптігі мен адвокат жетіспеушілігіне ерекше мән берген облыс әкімі адвокаттар қауымдастығының жұмысын жүйелеуді тапсырды.
«Облыста заң көмегіне жүгінетін азаматтардың қарасы жыл санап артып отыр. Осы ретте өңірдегі адвокаттар қауымдастығының жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ, адвокаттарды даярлау мәселесіне ерекше мән беруіміз керек. Бүгінде адвокаттардың беделі мен біліктілігі төмендеп кеткен. Мұның басты себебі - адвокаттық мектептің әлі де болса дұрыс қалыптаспағаны дер едім. Сондықтан жаңа заң жобасын баршамыз бірауыздан қолдауымыз қажет», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жаңа заң аясында адвокат болу үшін мүліктік кедергілер, яғни кіру үшін алынатын жарналарды жою көзделуде. Себебі, адвокаттардың көбі жоғары мөлшердегі кіру жарналарын төлей алмайды. Оның көлемі елімізде 800 мың теңге болып бекітілген. Жаңа заңнамаға сәйкес, адвокаттардың біліктілігін арттыру механизмі қайта қаралатын болады.