ОҚО-да бір ғасыр жасаған 88 қарт өмір сүреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жасы 100-ден асқан 88 қария өмір сүріп жатыр. Қазыналы қарттардың басым көпшілігі Шымкентте, Мақтаарал мен Сараығаш ауданында тұрады. 100 жастан аса өмір сүріп жатқан қарттардың ішінде 70-ке жуығы - тыл еңбеккерлері, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Облыс бойынша жыл көлемінде ұзақ жасаушы қарияларға бюджет және мекемелер, демеушілер есебінен мүмкіндігіне қарай бір жолғы материалдық жәрдем мен сый-сияпаттар беріліп тұрады.
 

Мәселен, өткен 2016 жылы 77 қарияға 636,7 мың теңгенің материалдық қолдауы көрсетіліп, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 86,9 мың теңге және демеушілер есебінен 549,8 мың теңгеге сыйлықтар үлестірілді. Осы бағыттағы жұмыстарды облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы биыл да жалғастыратын болады. Бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған қазыналы қарттарға құрмет көрсету - біздің міндетіміз.

Айта кетейік, жалпы облыста 215,6 мыңнан астам зейнеткерлер тұрып жатыр.