Ондағы мақсат - экологиялық мәдениетті насихаттау арқылы Шымкент аймағын түрлендіру, және бір мезетте Қазақстанның оңтүстігін органикалық таза жеміс өнімдерімен қамтамасыз ету.
38 гектар аумақты алып жатқан шатқалдағы ағаш отырғызу іс-шарасына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты өкілінің кеңесшісі И.Горюнова және қала әкімі Н.Сауранбаев қатысты.
Өңір басшысы қоршаған ортаны сақтаудың маңыздылын түсіндіріп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Шымкент - Қазақстанның ең жасыл қалаларының бірі. Біздің сүйікті қаламызда саябақтар мен гүлзарлар көп. Бұған қоса өңірімізде бірегей «Шатқал» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бағдарлама мегаполисіміздің айналасында жасыл белдеу қалыптастыруга мүмкіндік береді. Дәл қазір біз осы бағдарлама аясында бой көтерген қаладағы 11 саябақтың бірінде тұрмыз. Алдағы уақытта осындай саябақтар дамып, Шымкент жасыл қала атауын одан әрі нығайта түседі деп сенеміз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Фестивальдің ашылуы «Бірге жарқыраймыз!» әнұранымен басталса, жастарға «Энергиялық тиімді технологиялар әлеміндегі ойындар» квесті ұйымдастырылды. Фестиваль қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен кең ауқымды флешмобпен аяқталды.