ОҚО-да биыл Нұрлы жол» бағдарламасымен 66 тұрғын үй пайдалануға беріледі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында биыл «Нұрлы жол» бағдарламасымен 66 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ОҚО-ғы филиалының директоры Қасымбек Мәліков мәлім етті. Оның айтуынша, облыста мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы екі бағыт бойынша жүзеге асырылып отыр , деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Біріншісі - жергілікті әкімдік арқылы салынатын үйлер болса, екіншісі - «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы арқылы салынатын тұрғын үйлер.

«Мәселен, осы жылы әкімдік арқылы жалпы аумағы 31,6 мың шаршы метр болатын 558 пәтерлік көпқабатты 11  үй тапсырылады. Ал «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы бойынша 180 мыңнан астам шаршы метр  болатын баспана тапсырылмақ. Ол 3086 пәтерлік 55 үй. Осылайша, 2018 жылға дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша банк желісімен облыста 226,2 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек»,-деді Қ.Мәліков.

Сонымен қатар, филиал директоры биылдан бастап мемлекеттің барлық тұрғын үй бастамалары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзе асатытын атап өтті. Аталған бағдарлама 5 негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Соның ішінде  «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  кредиттік баспана бағытын жүзеге асырады және жеке тұрғын үй құрылысын несиелендіреді.

Брифингте мәлім болғандай, осы жылдың 3 сәуірінен бастап банктің Директорлар кеңесінің шешімімен тұрғын үй құрылыс жинақтары шартын жасағаны үшін және шарттық соманы арттыру үшін алынатын комиссия көлемі 0 теңге болып бекітілді.

Естеріңізге сала кетейік, бұрын аталмыш қызметтер үшін алынатын комиссия көлемі - шарттық соманың және депозиттің арттыру сомасының 0,55 пайызын құраған еді.