ОҚО-да биыл жылыжайлар көлемі 200 гектарға артады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстандыға жылыжайлардың 80 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Өткен жылы жылыжай көлемі өңірде жылыжайлардың аумағы 202 гектарға жетіп, межеленген жоспардан 9 пайызға артқан, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.



Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері атты» Жолдауында аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керектігін атап өткен болатын. Осыған орай облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сала жетекшілеріне 2018 жылы жылыжайлар көлемін 200 гектарға арттыру керектігін тапсырды. Бүгінде аймақтағы жылыжайлар Сарыағаш ауданында - 72,21 гектар, Қазығұрт ауданында 29 гектар, Түркістанда - 18,27 гектар, Ордабасы ауданында - 16,05 гектар аумақты алып жатыр. 

 

Айта кетерлігі, облыста көкөніс өсірумен айналысатын, еліміздегі ең ірі «Аделя» жылыжай кешені жұмыс істеуде. «Агробизнес 2020» бағдарламасы бойынша іске қосылған бұл жобаның инвестициялық құны - 5,3 млрд теңгені құрайды. Жалпы аумағы 16 гектар болатын кешенде жылына 8,4 мың тонна өнім жиналады. Оның 70 пайызы еліміздің нарығына шығарылса, қалған 30 пайызы Ресейге экспортталады. Бұдан бөлек, Қазығұрт ауданындағы жылыжай кешенінде шаруалар қызғалдақ егумен айналысып келеді.  Аумағы  2,5 гектар болатын кешенде өткен жылы 45 мың дана гүл өсірілді.

 

Жалпы облыстық статистика департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірдегі жылыжай алқабынан 114,3 мың тонна көкөніс өнімдері жиналған. Оның ішінде, 62,6 мың тоннасы қызанақ, 51,7 мың тоннасы қияр болып отыр.