Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектептің түлектері сынып бөлмелерін әктеп-сырлап, келесі жаңа оқу жылына даярлап қойды. Ал, Шардара мектеп-лицейінің түлектері білім ордасының оқу залын күрделі жөндеуден өткізуде. Бос сыныпты арнайы құрал-жабдықтармен толтырып, көлемді спорт залына айналдырды. Ал, 10 жылдық түлектер болса, заманауи үлгідегі жуынатын бөлмелерді жабдықтап, өздерінен кейінгі буынға қолайлы жағдай жасады.
Шардара ауданында мектептен түлеп ұшқан азаматтар осылайша өзгелерге өнеге болатын бастама көтеріп, үлкен іс тындырды. Айта кету керек, туған жерге туын тігіп, азаматтық іс жасаған түлектердің бүгінде балалары да осы мектепте білім алады. Келешекте олар да ата-аналары салған сара жолмен жүріп, тәрбиелі тұлға болып қалыптасады деген сенім мол.