«Сарыағаш шекара отрядының қызметкерлері Сарыағаш ауданы бойынша ҰҚК аппаратымен бірлесіп, осы ауданға қарасты Саттаров елді мекенінен 18 шақырым жерде көші-қон заңнамасы ережесін бұзған Ауғанстанның 32 азаматын қолға түсірді. Олар Мемлекеттік шекараға жақын жерден сасық қурай дәрілік шөпті теріп жүрген. Ұсталғандардың құжаттарын тексеру барысында оларға тек жұмыс істеуге ғана рұқсат берілгені анықталды», деп мәлім етті ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
Ауғандықтар бұл аумақта жүргеніне бір айға жуықтапты. Содан бері жиналған шөптерді Қытайға өткізіп, табыс таппақ болған. Оның тоннасы 20 мың АҚШ доллары тұрады. Қазір нақты қанша өсімдік жиналғаны анықталып жатыр. Ал, шетелдіктер Сарыағаш аудандық ІІБ тапсырылған.
Айта кетейік, бұл ауғандықтардың алғаш рет ұсталуы емес. Бұған дейін шекарашылар Сарыағаш ауданының Бозарық ауылында аталған дәрілік шөптерді теріп жүрген 19 шетелдікті ұстап, елдеріне қайтарған болатын.