ОҚО-да дәстүрлі әндер байқауы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық «Наурыз» атты дәстүрлі ән орындаушылар байқауы өтті.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, ұлттық дәстүрді насихаттап, жас әншілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі әншілер байқауына 16-30 жас аралығындағы 16 үміткер қатысып, халық әндерінің қасиеті мен құдіретін көпшілікке паш етті.

Ал жалпы байқауда үміткерлердің орындау шеберлігіне, таңдалған шығарманың тәрбиелік мазмұны мен мағынасына, өнерпаздың сахнада өзін-өзі ұстауы мен сахна мәдениетін сақтауына қарай баға берілді.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Созақ ауданының тумасы Елдос Жүсіпов алса, І орынды шымкенттік Ақжол Өсербай иеленді. Ал жүлделі ІІ және ІІІ орындарды сайрамдық Мөлдір Изенова мен отырарлық Шоқан Теңлібаевтар алды.