ОҚО-да денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы үйқамаққа алынды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жұмағали Исмаилов үйқамаққа алынды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы («Параға коммерциялық сатып алу» және «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу») бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Осы жылдың 11  сәуір күні Әл-Фараби аудандық соты Жұмағали Исмаиловты уақытша тергеу абақтысына қамауға алу туралы шешім шығарған. Алайда күдікті 17 сәуір күні бұл шешімді қайта қарау туралы сотқа шағым түсіріп, ол кепіл түріндегі бұлтартпау шарасымен үйқамаққа алынған.

Айта кетейік, бұрынғы басқарма бастығы осы күнге дейін еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры қызметін атқарып келген.

Жалпы, даудың басы 2012 жылы басталған болатын. Ол кезде облыстағы ауруханалардың 28 бас дәрігері облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атына облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың жұмыстан шығуын талап етіп, хат жолдаған болатын. Медицина қызметкерлері өз бастықтарының дөрекілігінен шаршағандығын айтып, тендер өткізу кезінде кейбір компаниялардың мүдделерін қолдайды деп айып таққан еді. Сонымен қатар басқарма басшысы тарапынан қуғынға түсіп, жұмыстан шығып қалған аймақ дәрігерлері оларды жұмысқа қайта орналастыруын талап етті. Осыдан кейін оқиғаны тексерумен облыстық әкімшілік жанындағы арнайы құрылған комиссия айналысты. Комиссия жұмысының қорытындысы нәтижесінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов аймақтың денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловқа сөгіс жариялаған болатын. Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы  бастығының қоласындағыларға қатысты мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін бұзғандығы анықталған еді.

Ал, 2014 жылы облыстық прокуратура медицина саласына ауқымды тексеру шараларын жүргізіп, көптеген заңбұзушылық деректер анықтаған болатын. Соның салдарынан 20-дан астам емдеу мекемесінің басшылары қызметінен шеттетілген. 2015 жылдың қаңтарында Жұмағали Исмаилов өз еркімен жұмыстан босап қалғаны белгілі.