Арнайы техника он күн бұрын Ордабасы ауданындағы жанар май құю бекеттерінің біріндегі автотұрақтан ұрланып кеткен болатын. Аудандық ішкі істер басқармасына арызданған тұрғын сол күні таңертең экскаваторын Темірлан елдімекеніндегі ұрлатып алғанын көрсеткен. Жанар май құю бекетінің тұрағында тұрған техникасын түнделетіп белгісіз біреулер айдап әкетіпті.
Осыдан кейін ауданда тәжірибелі полицейлер жіберіліп, жедел іздестіру шаралары жүргізіледі. Тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Сайрам ауданының екі тұрғынын ұстаған. Қолға түскендер қылмысты қалай жасағандарын толығымен мойындады. Айтуларынша екеуі жәбірленушіден арнайы техниканы жалға алып, оны автотұраққа әкеліп қоюын сұраған. Қараңғы түскенде эксковаторды ұрлап, жалған құжаттарымен Қырғызстанға сатып жіберіпті. Сөйтіп тапқан табыстарын теңдей бөліп алған. Тергеу барысында полицейлер сезіктілердің осыған ұқсас тағы бір қылмысқа қатыстылығын анықтады. Қазіргі қос күдікті де қамауға алынып, олардың үстінен Қылмыстық кодекстің «Тонау» және «Алаяқтық» баптарымен іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.