ОҚО-да еңбек инспекциясына 900-ге жуық арыз түскен

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында еңбек инспекциясы басқармасына соңғы тоғыз айда 900-ге жуық арыз-шағым  түскен. Шағымдардың басым көпшілігін  Мақтарал ауданының тұрғындары жазыпты. Бұл туралы мақталы ауданда өткен еңбек заңдылығының талаптарын қатаң сақтау бойынша көшпелі жиында сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма мамандарының сөзінше, Мақтаралдан түскен 105 арыздың  басым бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі. 67 шағым білім саласына қатысты жазылса, 12-сі денсаулық сақтау саласына қатысты екен. Тағы 21 арыз жеке балабақша қызметкерлерінің үстінен түсіпті.

«Осы жұмыстардың нәтижесінде Мақтарал ауданында 42 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 26 еңбек қатынастары туралы, еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау бойынша 3 заң бұзушылық, халықты жұмыспен қамту саласы бойынша 13 заң бұзушылық анықталып отыр»,- дейді Облыстық  еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторы Рауан Дурменов.

Шағымдарды қарау нәтижесімен Мақтарал ауданында 43 тексеру жүргізілді. Қалған 62-і заң аясында түсіндіру жұмыстары қолға алынған.

«Келісм-шарт түзген кезде жұмысқа қабылданушы мен жұмыскердің арасындағы міндеттер көрсетіледі. Ал, жұмысқа қабылданып алғаннан кейін кейінгі 1,2 айдан кейін айлығын ала алмай жатырмын деп жатады мысалыға. Жұмыскерлерге жұмыскердің тарапынан  осындай міндеттемелер орындалмады деп арызданып келіп жатады. Кейін тексеру бойынша қарап жатсақ, мысалыға жұмыскер мен жұмысшының арасындағы келісімшарт түзілмейтіні анықталады. Одан кейін  көптеген заңбұзушылықтар жұмысшылардың өз құқығын білмеуінің нәтижесінен орын алады»,- дейді  Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Алмасбек Мамытбек.

Жиында сөз алғандар жұмысшылардың құқығын қорғауда  кәсіподақтың рөлін күшейту керектігін айтты. Соның арқасында  жұмыскерлердің құқығын қорғалып, мұң-мұқтажын билікке жетеді деп түйіндеді жиынға қатысқандар.