ОҚО-да «Еркіндігім-Елдігім» республикалық əн байқауының жеңімпаздары анықталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте белгілі сазгер Исраил Сапарбай әндерін орындау бойынша өткен "Еркіндігім-Елдігім" республикалық əн байқауының жеңімпаздары анықталды.  45 үміткер қатысқан өнер сайысында бас жүлде Шымкент қаласының жас әншісі Өсербай Бөріхановқа беріліп, оған 500 мың теңге сыйақы табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ақын-сазгер, драматург Исраил Сапарбайдың 75 жасқа толу мерейтойына арналған байқау сазгердің шығармашылығын кеңінен насихаттау мен дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған болатын. Композитордың  әндері арқылы елдің рухын биіктету мақсатында ұйымдастырылған шарада республиканың бірнеше облыстарынан жас әншілер өз өнерлерін ортаға салды.  Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігі және облыстық мәдениет  басқармасы мұрындық болған байқауда жүлделі бірінші орын мен 300 мың теңге Атырау облысынан келген Асхатқа Әмірғалиевке берілсе, екінші орын мен 200 мың теңгені Семей қаласының күміс көмей əншісі Алия Аукенова жəне шымкенттік «Сарын» тобына берілді. Жүлделі үшінші орын мен 150 мың теңге  Қызылорда облысының əншісі  Арайлым Мұхамеджанова мен  Оңтүстік Қазақстан облысының атынан қатысқан  Жеңіс Бертаевтарға, Айгерім Тәжіге бұйырды.
 

Сонымен қатар, «Ғажайып танго» арнайы жүлдесімен Атырау облысынан «Тұран» триосы, «Айналдым» арнайы жүлдесімен Оңтүстік Қазақстан облысынан Темірбаев Ержан және «Сағыныш сазы» арнайы жүлдесімен Алматы облысынан Бердібай Қайыржан марапатталды. Сол сияқты «Ананы аңсау» арнайы жүлдесімен Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан Мархабат Бейсенова марапатталып, оларға 75 000 теңгеден ақшалай сыйлықтар берілді.
 

Айта кетейік, байқауда 18-35 жас аралығындағы  қатысушылар өз таңдауы бойынша азаматтық-патриоттық, балалар әндері, махаббат лирикасы, романс сынды түрлі жанрдағы тек автордың өз әндерін фольклорлық немесе эстрадалық бағытта табиғи дауыста орындап шықты.  Алматы, Қызылорда, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан жас әншілер іріктеуден өтіп,  екінші кезеңге жолдама алған еді.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасы эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты. Дарынды композитор əндері шырқалған гала-концертке ҚР еңбек сіңірген артисі Сембек Жұмағалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тіналиев және Шахизада Байпатшановаларжәне  қазақ эстрадасының әншісі Таңат Мамырхан мен Оңтүстік Қазақстан облысының өнер майталмандары да қатысты.