ОҚО-да голландиялық заманауи технологиямен жем-шөп әзірленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ОҚО-да голландиялық заманауи технологиямен жем-шөп әзірленеді, деп хабарлайды «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы.

Бұл технология Голландияда кеңінен қолданысқа енгізілген. Дәнді дақылдардың барлығынан осындай жасыл шөп өсіріп шығаруға болады. Ол үшін 1 келі дән жібітіліп, арнайы табақшаға салынады. Сөйтіп, су бүркігіші мен ультракүлгін, инфрақызыл сәулелері бар арнайы камераға 7 тәулікке қойылады. Осындай арпа дәнінен өскіндер өніп шығады. Дәні тамыр жайып, табақшадағы 1 келі арпаның салмағы 7 келіге дейін ұлғаяды. Үнемі су бүркіп тұрған соң өскіндер мал үшін шырынды азық болады.

«Мұның құрамында АВСД Д3 және К витамині бар. Осы гидропоникамен жемделіп отырған малымыз бар. 2 жылда бірде-бір рет ауырған емес. Ал, жайлауда жүрген малды қайта-қайта шаншып жатады. Осында дайындалған жасыл жем 80 пайыз даладан келген ауруды жояды. Сонымен қатар, ауру малды емдеуге септігін тигізеді», - дейді «ҚАЗАГРОГРИН» ЖШС-ның бас директоры Бақытжан Көпбаев.

Автоматтандырылған мына құрылғы тәулігіне 2 тонна жасыл жем дайындайды. Тек ыдыстарға жем салып отырсаңыз болғаны. «Қазагрогрин» серіктестігі осындай жем дайындау жабдықтарын таратушы болып табылады. Бұл құралдарды лизингпен несиеге де алуға болады.

Кәсіпорынның басшысы аталмыш жемнің сіңімділігі жоғары екендігін айтуда Яғни 1 сиыр 1 тәулікте 20 келі жейді. Бұл 94 пайызға дейін қорытылады. Қалған жемдердің тек 40 пайызы сіңеді.

Мұндай жеммен қоректенген сиыр сүтінің майлылығы 4,4 пайыз болады. Жылқылар 40 күнде ет алса, тоқтылар денесіне май емес, балғын ет жинайды дейді, серіктестік қызметкерлері.