Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрғали Жүнісов тексеру шаралары Ресейдің Кемерова қаласындағы ірі сауда ойын-сауық орталығында орын алған жағдайға байланысты қолға алынып отырғанын атап өтті. Яғни, еліміздің Бас прокуратурасы Ішкі істер министрлігіне 3 ай мерзімінде халық көп шоғырланатын нысандарда төтенше жағдайға қатысты талаптардың сақталуын қадағалап, тексеріс жүргізуді тапсырған. Осы тапсырмаға сәйкес шым қаладағы бірқатар ірі ойын-сауық сауда орындарында тексеру жұмыстарымен қатар өрт-тактикалық оқу-жаттығулары жүргізілген.
«2018 жылдың І тоқсанында кестеге сәйкес халық көп жиналатын нысандарда 5 оқу жаттығу жиыны өткізілді. Оның ішінде «Shymkent Plaza» және «Mega Planet» сауда ойын-сауық орталықтары бар. Ал, өткен жылы осындай 21 іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында базарлар да қамтылды», - деді Нұрғали Жүнісов.
Айта кетейік, ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті облыс аумағында 13679 жеке кәсіпкерлік нысанды есепке алған. Оның ішінде 1793-і Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жыл сайын тексерілетін тәуекел дәрежесі жоғары топтағы нысандар қатарына кіреді.