оңт«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілгендей оңтүстікте соттың ашықтығын қамтамасыз етуді іске асыру шарасы қолға алынып жатыр. Осы мақсатта Созақ аудандық сотының судьясы Бекжан Сағынтаевтың төрағалығымен ашық түрде көшпелі сот отырысы өтті. Оған ауыл тұрғындары қатысты.
Шолаққорған ауылдық әкімшілігінде ұйымдастырылған сотқа қатысамын, көрем деушілерге шектеу қойылмады. Онда Қылмыстық кодекстің 106 бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» әрекеті бойынша іс қаралды. Яғни, айыпталушы танысына пышақ сұғып, қасақана ауыр жаралаған. Алайда ол сот қарау барысында кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Бұл жағдай жазаның жеңілдеуіне септігін тигізеді. Қорытындысында, айыпталушы түрмеге қамалмайтын болды. Тек шартты түрде бас бостандығын шектеу туралы үкім шықты.
«Созақ аудандық сотының үкімімен сотталушы ҚР қылмыстық Кодексінің 106 - бабы бойыншы кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жалпы, жастар осындай көшпелі сот отырысы арқылы жаман істерден бойын аулақ салады деген ойдамыз»,- дейді Созақ аудандық сотының судьясы Бекжан Сағынтаев.