Аталған қойылым Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және ақын-сазгер, драматург, тәуелсіз «Платиналы тарлан» сыйлығының және мемлекеттік «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының және Мақтарал аудандарының Құрметті азаматы - Исраил Сапарбайдың 75 жасқа толу мерейтойы аясында көрерменге ұсынылды. Спектакльді көруге автормен қатар Мақтарал ауданының әкімі Ғалымжан Исмаилов бастаған жергілікті билік өкілдері, ақынның оқырмандары, ұстаздар қауымы, оқушы және студент жастар, сондай-ақ бірқатар танымал тұлғалар қатысты.
Айта кетейік, «Тәңірінің құлдары» драмасы Гүлдана есімді ауыл қызының білім қуып қалаға келген өмір жолынан басталады. Басты кейіпкер Сәндігүл атты апайдың пәтерін жалдап тұрады. Үй иесінің де Гүлданамен жасты Жан деген жалғыз ұлы болады. Жалпы, ары таза, жаны пәк ауыл қызына Сәндігүлдің көзі түсіп, алдағы уақытта ұлына алып беріп, келін қылып алғысы келетіндігін іштей сездіріп жүреді. Бір күні кешке Жан анасынан ақша сұрайды. Анасы ақша береді. Жан қасына Гүлдананы да ерте кетеді. Содан екі жас түнгі клубтардың біріне барып көңіл көтермекші болады. Сөйтіп жүргенде Гүлдана Қаражан атты жігіттің «құрығына» түсіп, жіпсіз маталады. Жан қанша жерден жанқиярлық әрекет етсе де болмайды. Ақырында, Қаражан қыздың арын аяқасты етіп қорлайды. Уақыт өте келе Гүлдананың жүкті екені мәлім болады. Аңғал қыз Қаражанға сенеді. Бірақ, Қаражан Гүлдананың сенімін ақтамайды. Оны жай ғана уақытша ермек еткенін білдіреді. Кейіннен, ай-күні толып босанған Гүлдана баласымен жалғыз қалады. Негізінен, осы Гүлдананың аянышты тағдырына Сәндігүл апай кінәлі болып шығады. Өйткені, ол қолында ұстаған қыздарын жаман жолдарға итермелеп, табыс табуды әдетке айналдырған болатын. Тағдыр жазуымен Сәндігүл де опық жеп, баласы Жаннан да айырылады. Баласы оны тастап кетеді.
«Жалпы, бұл көрініс жай көрініс емес - бүгінгі заманның көрінісі. Жіті бақылай білгенге біздің қоғамда - алданған Гүлданалар да жүр, қанқұйлы Қаражандар да жүр, аярлықпен күн көрген Сәндігүлдер де жүр, ең аяныштысы - Гүлданалардан туылған тастандылар да жүр»,- дейді көрермендердің бірі Бауыржан Мырзақұлов.
Қойылым бітіп, сахнада өнер көрсеткен театр әртістеріне жаппай қошемет көрсетілді. Әсіресе, Гүлдана рөлін сомдаған актриса ерекше көзге түсіп, өзінің әртістік шеберлігіне жиналған жұрт ризашылықтарын білдірді. Ал ел алдында сөз сөйлеген қойылымның авторы Исраил Сапарбай бұл шығармасының мақсатын ашып айтты. Яғни, қазіргі қоғамдағы түрлі келеңсіздіктерге жан ауырта жүріп, оны ақындық електен өткізіп, халыққа қайта көрсету болды. Жалпы, кештің тағылымдық мәні мен эстетикалық әсері өте жоғары деңгейде болғанын көрмендер де тілге тиек етті.