ОҚО-да кәсіпкерден 1 млн доллар бопсалаған экс-депутат 10 жылға сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында  кәсіпкерден 1 млн доллар бопсалаған Сайрам аудандық  мәслихатының бұрынғы депутаты 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат ХАА тілшісі. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Баха-баха" лақап атымен әйгілі Бақытжан Аймырзаға жазасын түрмеде өтеу және мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Аталған сот оны кәсіпкер Батырбек Зиятаевтан аса ірі көлемде ақша бопсалағаны және заңсыз қару сақтағаны үшін кінәлі деп тапты

Сот отырысы барысында экс-депутат «жәбірленушінің бостандығын заңсыз шектеді» деген айыптаулар расталмады. Сондықтан судья бұл бапты айыптау үкімінен қысқартты. Сондай-ақ «қаруды заңсыз сақтау» туралы айыптауларда да қателіктер кеткені анықталды. Сол себепті тергеушіге қатаң сөгіс беру және істің бұл бөлігін қосымша тергеу туралы шешім қабылданды. Өз кезегінде мұндай үкім мен шешімге айыпталушы мен оның қорғаушысы да келісетінін мәлімдеді.

«Біз сот барысында тергеушілер тарапынан бірқатар қателіктер кеткені туралы айттық, сот қарау барысында оған көз жеткізді. Мәселен, ұсталған кезде табылған қару айыпталушының әйелі Рамазанованың атына тіркелген болатын. Алайда тергеу барысында ол қару айыпталушыға тиесілі сияқты көрсетілген. Сол сияқты мәселелер болды. Жалпы, бопсалау үшін 10 жыл беру - аз емес», - деді айыпталушының қорғаушысы Шымырбек Ағабеков.

Еске салайық, полицейлер бұрынғы депутатты жергілікті кәсіпкерден 1 миллион доллар бопсалап жатқан жерінен қолға түсірген болатын. Тергеу барысында бопсалаушының бірнеше тойхана мен балаларға арналған ойын-сауық кешенінің қожайыны екені, кезінде аудандық мәслихат депутаты болғаны анықталды. Ал жәбірленуші Батырбек Зиятаев сол Сайрам ауданының қазіргі депутаты болып табылады. Ол сондай-ақ темір-бетон зауытының, яғни "Теміртас" ЖШС-нің директоры болып жүріп, күдіктімен отыз жыл бойы дос болған. Наурыздың 17 күні Бақытжан Аймырза өз үйінде құдайы ас беріп, жора-жолдастарының басын қосқан. Кездесу соңында отағасы жасы жетпіске таяған жолдасы Зиятаевты алып қалған. Оған темір-бетон зауыты кезінде өзінің атақты ағайынына тиесілі болғанын алға тартып, одан 1 миллион доллар бопсалаған. Олай болмаған жағдайда, кәсіпорынды күштеп тартып алуға бел буған. Артынша ол өзі талап еткен ақшаның бір бөлігін, 9 миллион 400 мың теңгесін өз үйінің ауласында алып жатқан жерінен ұсталған. Полиция қызметкерлері күдіктінің үйін қарау барысында 9 қару-жарақ пен мыңға жуық әр түрлі калибрлі оқ-дәрілерді тәркіледі.

Кейіннен атышулы іс Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралған болатын. 54 жастағы айыпталушы бастапқы кезде Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталды. Оған аса ірі көлемде ақша бопсалау, адамды өз еркінен тыс бостандығынан айыру, қару-жарақ, жарылғыш заттарды заңсыз иеленгені үшін күдік тағылды. Алайда бірқатар айыптаулар сот кезінде дәлелденбеді.