ОҚО-да кәсіпкерлер заңсыз тексеруге қатысты прокурорлардың көмегіне жүгінген

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысында прокуратураға кәсіпкерлерден заңсыз тексеру бойынша 27 арыз түскен. Өңірдегі мемлекеттік бақылаушы органдары тарапынан заңсыз тексерулер тиылмай тұр. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен басқосуда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қадағалаушы орган өкілдері бұл кемшіліктерді мемлекеттік қызметкерлердің заңды білмеуінен орын алған деп отыр. Бұл ретте заң қызметкерлері нақты мысалдар келтіріп, мемлекеттік орган мамандары мен кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға тырысты. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясының аймақтағы филиалы мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдігі де осындай арыздар түсіп отырғанын алға тартты. Тексерулердің басым көпшілігі қазба байлықтарды игерумен айналысатын бизнес өкілдеріне қатысты екені айтылды. Ал, кәсіпкерлік палатасының статистикалық мәліметтері бойынша жиі тексерушілердің қатарын фармацевтикалық бақылау, қоғамдық медицина және төтенше жағдайлар қызметкерлері толықтырып отыр.

«Мелекеттік бақылаушы - қадағалаушы органдар қолданыстағы заңдарды толық білмеуі салдарынан орын алады деп ойлаймыз. Мысалы, кәсіпкерге  жоспардан тыс тексеру тағайындалған жағдайда ескерту бір күн бұрын, ал ерекше тәртіппен ішінара тексерген жағдайда 30 күн бұрын беріледі. Талдау жүргізу барысында мұндай кемшіліктер үнемі қайталана беретінін көрдік»,-дейді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ОҚО басқармасының аға прокуроры Қуаныш Срайлов.

Кәсіпкерлер басқосуда тексерулер заңды түрде қалай тағайындалатынын сұрап білді.