ОҚО-да кәсіпкерлік нысандар енді жаппай тексеріле бермейді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Биылдан бастап еліміздегі кәсіпкерлік нысандардың бәрі жаппай тексеріле бермейді. Бұл туралы төтенше жағдайлар қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облысындағы іскер азаматтармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкерлерге оңтайлы жағдай жасалатынын түсіндірген департамент қызметкерлері өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауға қатысты өзгерістер орын алғанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы өңірде кәсіпкерлік субъектілерге тағайындалған тексерістер алдыңғы жылмен салыстырғанда 45 пайызға төмендеген. Ал, жаңа талаптарға сәйкес енді жыл сайынғы тексеріс тек қауіп-қатері жоғары нысандарда ғана жүргізіледі. Кішігірім әкімшілік ғимараттар мен сауда, қоғамдық тамақтану орындарына жыл сайынғы тексерістер мүлдем тоқтатылады. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттер мен қағидалардың қайта әзірленуі нәтижесінде 100-ге жуық өрт қауіпсіздігі талаптары да алынып тасталынған. Кәсіпкерлік субъектілерге қатысты тексерістер саны осылайша екі есеге азайды,- дейді өңірдің төтенше жағдайлар қызметкерлері.

«Бұрын тексеру бойынша  1070 талап болатын болса, соенді ол талаптар 150-ге дейін қысқартылды, біріктірілді. Екіншіден, тексеру парақтары жеңілдетілді. Ішінен көптеген талаптар алынып тасталды. Негізгі талаптар қалдырылды. Ал, жалпылама талаптар алынып тасталды»,- дейді ОҚО ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Бақытжан Запаров.