Басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жанғыру» мақаласындағы көзделген мақсаттарды жүзеге асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Шараға облыстық мәдениет басқармасының басшылығы мен тарихи-өлкетану жұмыстарымен айналысып жүрген ғалымдар, сондай-ақ жазушылар мен өлкетанушылар қатысты. Кездесуде адам көп шоғырланатын киелі мекендер жайын анықтау, насихаттау, терең зерттеу мəселелері сөз болды.
Айта кетейік, бұған дейін облыста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы жергілікті атқарушы органдарға тапсырылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша өңірлік комиссия құрылып, олардың жанынан жұмысшы топтары жасақталған болатын. Аталған жоба аясында өңірдегі қасиетті, киелі жерлердің тізімі анықталып, олардың өңірлік картасы дайындалды.
Қазіргі таңда күнгейде тарихи-мәдени маңызы бар 1281 ескерткіш есепке алынған.
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне 2003 жылы Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі» сәулеттік ескерткіші енгізілген. Осы тізімге енгізуге ұсынылған тағы 23 ескерткіштің ішінен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 8 ескерткіш кірді. Олар: Жуантөбе, Қараспантөбе, Күлтөбе, Сидақ, Сауран ежелгі елді мекендері, Бөріжар қорымы, Отырар оазисінің ескерткіштері, Түркістан қалашығы.